Жасанды интеллект пен ғылым интеграциясы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде «Ғылым айы – 2026» аясында өткізілетін Ғылым декадасының ресми ашылуы өтті.
Салтанатты жиын «QYZPU: AI-SCIENCE 2026 – Ғылымның жаңа көкжиегі» тақырыбында ұйымдастырылды.
Ғылыми декаданың басты мақсаты – ғылыми-зерттеу жұмыстарында жасанды интеллект (ЖИ) құралдарын тиімді қолдану, деректерді өңдеуді цифрландыру және инновациялық технологияларды академиялық ортаға ендіру.
Шараны Ғылыми жұмыс және стратегиялық бастамалар жөніндегі проректор Құлсариева Ақтолқын Тұрлыханқызы ашып, университеттің ғылыми әлеуетін арттырудағы жаңа қадамдар мен интеллектуалдық ізденістің маңыздылығына тоқталды.
Салтанатты шара аясында университет ғалымдарының соңғы жылдардағы қол жеткізген жетістіктері мен ғылыми жобалары таныстырылған арнайы көрме ұйымдастырылды. Мерекелік жиын студенттердің дайындаған концерттік бағдарламасымен ұласты.
Айтулы шараға ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының басқарушы директоры, профессор Алиханов Қуантар Дәуленұлы, ЮНЕСКО қамқорлығындағы Орталық Азия өңірлік мұздықтар орталығының директоры Балықбаев Такир Оспанұлы, iTeacher Academy негізін қалаушы Юлия Андреева және ғылым саласындағы белгілі ғалымдар мен жас зерттеушілер қадірлі қонақ ретінде қатысты.
Ғылым декадасының алғашқы күні мазмұнды практикалық шараларға ұласты. Ақпараттық технологиялар және кітапхана ісі кафедрасы «Сенімді және сенімсіз дереккөздер» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді.
Айта кетейік, сәуір айы бойы әрбір білім беру бағдарламасы бойынша форумдар, воркшоптар мен форсайт-сессиялар жалғасады.
«Ғылым декадасы – 2026» бағдарламасын толығырақ сілтемеге өтіп көре аласыздар: https://drive.google.com/file/d/1huzF-UT4taPQOV5V7G7-sPlCBSf8lHnh/view
