Бүгін Тәжікстан туризм және кәсіпкерлік халықаралық университетінің ұйымдастыруымен «Тұрақты даму үшін серіктестік: Green. Digital. Smart» атты халықаралық форум өз жұмысын бастады.

Ауқымды іс-шара аясында университет ректорларының саммиті өтуде. Саммит бағдарламасында жоғары білім беру саласындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейту, білім беру консорциумдарын қалыптастыру және бірлескен академиялық бастамаларды дамыту мәселелері қарастырылуда.

                                         

Аталған саммитке Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті атынан Академиялық мәселелер жөніндегі проректор Суатай Сәбит Құрманжанұлы қатысуда. Ол халықаралық әріптестікті нығайту, білім беру сапасын арттыру, ғылыми зерттеулерді интеграциялау және цифрлық білім беруді дамыту бағыттары бойынша шетелдік әріптестермен пікір алмасып, серіктестік орнату жөнінде келіссөздер жүргізуде.

Форумға 20-дан астам елдің мемлекеттік органдары, халықаралық ұйымдары, академиялық және ғылыми қауымдастық өкілдері, бизнес-сектор, жастар мен стартап өкілдері қатысуда. Жиында ғылым саласындағы ортақ бағыттар мен бірлескен жобалар талқылануда.

Іс-шара тұрақты даму, жасыл экономика, цифрлық трансформация және инновациялық шешімдерді ілгерілетуге бағытталған.