QyzPU-да «Ғылым декадасы – 2026» аясында Ақпараттық технологиялар және кітапхана ісі кафедрасының PhD, аға оқытушы Шынар Үсенбаеваның ұйымдастыруымен «Инклюзивті ақпараттық ортада кітапханашының кәсіби құзыреттілігін қалыптастырудың ғылыми негіздері» тақырыбында ғылыми семинар  өтті.

Іс-шараның мақсаты – инклюзивті ақпараттық ортаны қалыптастырудың ғылыми-әдіснамалық негіздерін айқындау, кітапханалық-ақпараттық қызметті жетілдірудің заманауи бағыттарын талқылау.

Семинар барысында инклюзивті білім берудің ғылыми негіздері мен құқықтық базасына талдау жасалып, ерекше қажеттіліктері бар тұлғаларды әлеуметтік бейімдеу және кәсіптік оңалту мәселелері талқыланды. Қатысушылар отандық арнайы кітапханалар жүйесінің даму тарихын саралап, заманауи тифлотехникалық құралдар мен DAISY стандартын енгізу тәжірибесіне ерекше назар аударды. Жиын қорытындысында ақпараттық қолжетімділікті қамтамасыз ету, кітапханалық қызметті жетілдіру және мамандардың кәсіби құзыреттілігін арттыру бойынша нақты ұсыныстар тұжырымдалды.

Шараға жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамы, университеттің ғылыми кітапхана мамандары, ғылыми қызметкерлер, IT-сала өкілдері, магистранттар мен студенттер қатысты.