Педагогика және психология институтында дәстүрлі «Педагогикалық идеялар» байқауы өз мәресіне жетті. Бұл жолы студенттер мен магистранттар білім беруді ЖИ-мен байланыстыра отырып, тың жобаларын ұсынды.

Байқаудың негізгі мақсаты – білім беру саласындағы озық технологияларды, соның ішінде жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалана отырып, оқытудың жаңа әдістемелерін көпшілікке таныту.

Биылғы жарыс үш негізгі бағыт бойынша өрбіп, қатысушылар өз жобаларын презентация форматында қорғап шықты:
- «Инновациялық педагогика және ЖИ: көшбасшылықты дамыту траекториясы»: Бұл секцияда студенттер заманауи технологиялар мен жасанды интеллекттің білім берудегі рөлін саралап, болашақ педагог-көшбасшының моделін ұсынды.
- Қоғамдық жобалар фестивалі: «Әлеуметтік педагогика» бағдарламасының білім алушылары қоғамдық мәселелерді шешуге бағытталған әлеуметтік бастамаларын таныстырып, практикалық маңызы бар идеяларымен бөлісті.
- Ғылыми жобалар жәрмеңкесі: «Білім берудегі көшбасшылық және менеджмент» бағдарламасының магистранттары өздерінің зерттеу жұмыстарын ұсынып, білім беру жүйесін басқарудың жаңа тетіктерін ғылыми тұрғыдан дәлелдеді.

Қатысушылар тек теориялық біліммен шектелмей, оны тәжірибеде қалай қолдануға болатынын көрсетті.
Қазылар алқасы ұсынылған жобалардың өзектілігіне, креативтілігіне және білім беру саласына әкелер пайдасына назар аударды::
- Абилдаев Ержан Советбекұлы – PhD доктор, қауымдастырылған профессор, Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің «Агробиология» факультетінің деканы;
- Байсеитова Айман Наурузкановна – Алматы облысы, Қарасай ауданы, Қаскелең қаласындағы Саяділ Керімбеков атындағы орта мектептің мұғалімі, «Үздік педагог–2024» атағының иегері;
- Советқанова Дина Рамазанқызы – Сұлтан-Ахмед Ходжиков атындағы мамандандырылған №39 лицей мұғалімі.

Байқау соңында үздік деп танылған жоба авторлары марапатталып, алғыс хат табысталды.


