Душанбе қаласында Тәжікстан халықаралық туризм және кәсіпкерлік университетінің ұйымдастыруымен «Тұрақты даму үшін серіктестік: Green. Digital. Smart» халықаралық форумы өтуде.

Аталған форумға және осы іс-шара аясындағы Ректорлар саммитіне Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Суатай Сәбит Құрманжанұлы қатысуда. 20-дан астам елдің мемлекеттік органдары, халықаралық ұйымдары, академиялық және ғылыми қауымдастық өкілдері, бизнес-сектор, жастар мен стартап өкілдері бас қосқан ауқымды шара барысында QyzPU жетістіктері таныстырылып, тұрақты даму, жасыл экономика, цифрлық трансформация және инновациялық шешімдерді ілгерілету бойынша жаңа серіктестік бағыттары талқылануда.

Форум жұмысы барысында QyzPU Тәжікстан халықаралық туризм және кәсіпкерлік университетімен өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Кездесуде тараптар жоғары білім беру және ғылым саласындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту бағыттарын талқылады. Атап айтқанда, студенттер мен профессор-оқытушылар құрамының академиялық ұтқырлығы, бірлескен білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру, халықаралық жобалар мен бағдарламаларға, соның ішінде Erasmus+ бағдарламасына қатысу, сондай-ақ ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

 Тараптар меморандумға қол қою халықаралық әріптестікті нығайту жолындағы маңызды қадам екенін атап өтіп, білім беру сапасын арттыруға және бәсекеге қабілетті мамандар даярлауға бағытталған өзара тиімді ынтымақтастықтың одан әрі дамуына сенім білдірді.