Тәжікстан астанасы Душанбе қаласында өтіп жатқан «Тұрақты даму үшін серіктестік: Green. Digital. Smart» халықаралық форумы және Ректорлар саммиті аясында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Суатай Сәбит Құрманжанұлы Носир Хусрав атындағы Бохтар мемлекеттік университетінің басшылығымен кездесті.
Носир Хусрав атындағы Бохтар мемлекеттік университеті – Тәжікстан Республикасындағы жетекші жоғары оқу орындарының бірі әрі Хатлон облысының ірі ғылыми-білім беру орталығы. Университет жаратылыстану, гуманитарлық және әлеуметтік-экономикалық бағыттар бойынша жоғары білікті мамандар даярлап, ғылыми-зерттеу жұмыстарын белсенді түрде жүргізеді.
Кездесу барысында екі оқу орны арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Тараптар жоғары білім беру және ғылым саласындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту бағыттарын талқылады.
Атап айтқанда, студенттер, магистранттар және докторанттардың академиялық ұтқырлығы, профессор-оқытушылар құрамының тағылымдамалары, бірлескен білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру, сондай-ақ ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
