Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде Ланьчжоу университетінің делегациясымен ресми кездесу өтті. Жиынға университеттің Ғылыми жұмыс және стратегиялық бастамалар жөніндегі проректоры Ақтолқын Құлсариева, департамент басшылары мен оқытушы-профессорлар қатысты.
Кездесудің басты мақсаты – екі оқу орны арасындағы ғылыми-білім беру байланыстарын нығайту, бірлескен академиялық бағдарламаларды әзірлеу және магистратура мен докторантура деңгейінде академиялық ұтқырлықты кеңейту мәселелерін талқылау.

Тараптар қос дипломды бағдарламаларды іске асыруға және оқытушылар мен студенттер алмасуын жандандыруға дайын екендіктерін білдірді. QyzPU-ға жұмыс сапар аясында Ланьчжоу университеті Шет тілдері және әдебиет мектебі деканының орынбасары Чен Джианлин: «QyzPU-дың білім беру атмосферасы мен студенттердің ізденісі тәнті етті. Біздің гуманитарлық саладағы серіктестігіміз ортақ жетістіктерге жол ашады», – деген пікірімен бөлісті.

Сонымен қатар меймандар оқу орнының инфрақұрылымын көріп, студенттермен кездесті және білім беру процесінің ерекшеліктерімен танысты.

Айта кетейік, Ланьчжоу университетімен QyzPU желтоқсан айында меморандумға отырған болатын.

Ланьчжоу университеті – Қытайдың солтүстік-батыс өңіріндегі жетекші әрі көпсалалы жоғары оқу орындарының бірі. Университет жаратылыстану, инженерия, медицина және гуманитарлық ғылымдар салаларында жоғары білікті мамандар даярлаумен танымал.
