Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде Ұлыбритания консулдығының үйлестірушісі Надежда Трубовамен ресми кездесу өтті.

Шараның мақсаты – Ұлыбритания консулдығы қаржыландыратын трансұлттық білім беру (TNE) саласындағы бірлескен жобалар мен бағдарламаларды талқылау және ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін қарастыру.

Басқосуға университеттің Ғылыми жұмыс және стратегиялық бастамалар жөніндегі проректоры Ақтолқын Құлсариева, құрылымдық бөлім директорлары мен орталық басшылары қатысты.

Кездесу барысында тараптар бірлескен білім беру бағдарламаларын әзірлеу, ғылыми бастамаларды кеңейту және академиялық байланыстарды нығайту мәселелерін жан-жақты талқылады. Надежда Трубова халықаралық білім беру кеңістігіндегі жаңа үрдістермен бөлісіп, алдағы жоспарларға тоқталды.

Айта кетейік, бүгінде университет Ұлыбританияның University of Sussex университетімен және Британ кеңесімен серіктестік аясында бірқатар қомақты гранттардың иегері атанған:

  • InterLinks Small Grants (2023–2024) – £10,000;
  • Going Global Partnerships (2024–2025) – £25,000;
  • Global TNE Exploratory Grant (2024–2025) – £30,000;
  • Accelerating English Language Learning in Central Asia (2025–2026) – £30,000;
  • Developing Future Leaders of Inclusive English Language Learning in Central Asia (2025–2026).

Сонымен қатар, University of Sussex-пен бірлескен жоба аясында ҚазҰҚПУ базасында Бірлескен жоғары білім беру мектебін құру әлеуетін зерттеу жұмыстары жүргізілуде.