Сералы Қаниев атындағы кітапханада Физика, математика және цифрлық технологиялар институтының Ақпараттық технологиялар және кітапхана ісі кафедрасының ұйымдастыруымен 23 сәуір – Ұлттық кітап күні мен Кітапханашылар күні аясында «Кітапхан» жобасының негізін қалаушылардың бірі, танымал блогер Хамит Сапарбайұлы Ердеханмен кездесу өтті.

 Шараның мақсаты – ақпараттық қоғамдағы заманауи кітапхананың қызметін насихаттау, кітапханашы мамандығының мәртебесін айқындау, әлеуметтік желі және оқу мәдениетіне жаңа көзқарас қалыптастыру, жастардың кітап оқу мәдениетіне әлеуметтік желілердің тигізетін әсерін талқылау.

 Кездесу барысында Хамит Сапарбайұлы қазіргі оқырман мен кітап арасындағы байланыс төңірегінде пайымды ойларымен бөлісті. Кітапсүйер қауым спикерге көкейтесті сұрақтарын қойып, жиын еркін пікір алмасу алаңына айналды.

 Шараны Ақпараттық технологиялар және кітапхана ісі кафедрасының аға оқытушысы, PhD Көлбаев Нұрболат Шағыманұлы және 3-курс студенті Зайырбек Гүлсая жүргізді.

 Аталған кездесу кітап оқуды дәріптеп, жастардың рухани дамуына серпін берген мазмұнды әрі тағылымды шара болды.