Педагогика және психология институты Бастауышта оқытудың педагогикасы мен әдістемесі кафедрасының ұйымдастыруымен «Жасанды интеллект: білім беру, мәдениет және ұлттық дамудағы мүмкіндіктер» тақырыбында I Халықаралық студенттер мен магистранттарға арналған ғылыми-практикалық конференция өтті.
Іс-шараның мақсаты – жасанды интеллекттің қарқынды дамуы жағдайында оның білім беру жүйесіне, мәдени кеңістікке және ұлттық даму үдерістеріне ықпалын ғылыми тұрғыда талқылау.
Ашылу рәсімінде Педагогика және психология институтының директоры Оразаева Гүлжан Серікқызы құттықтау сөз сөйлеп, жасанды интеллекттің білім беру жүйесіндегі өзектілігіне тоқталды.
КонференцияғаҚазақстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Түркия және Польша елдерінен келген студенттер, магистранттар, жас ғалымдар мен тәжірибелі педагогтер қатысып пленарлық отырыстар, секциялық жұмыстар және жобалар конкурсы ұйымдастырылды.
Қатысушылар білім берудегі жасанды интеллекттің рөлі, цифрлық технологиялардың тиімділігі мен инклюзия мәселелеріне арналған мазмұнды баяндамалар ұсынып, тек теориялық зерттеулермен шектелмей, өздері әзірлеген интерфейстер мен цифрлық өнімдерді жоғары деңгейде таныстырды.
Жобалар байқауын бағалау комиссиясы құрамына жетекші педагогтер мен сарапшылар еніп, ұсынылған жұмыстарды ғылыми жаңалығы, өзектілігі және практикалық құндылығы тұрғысынан саралады. Нәтижесінде үздік жобалар анықталып, қатысушылар арнайы марапаттармен және сертификаттармен марапатталды.
