Бүгін елімізде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамасымен бекітілген Ұлттық кітап күні мен Кітапханашылар күні кеңінен атап өтілуде.

Осыған орай республикамыздың әр өңіріндегі кітапханаларда, жоғары оқу орындары мен орта білім беру мекемелерінде, мәдениет ошақтарында мазмұнды іс-шаралар өтуде.

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде де мерекеге орай Сералы Қаниев атындағы кітапханада «Кітап – трендтен түспейтін құндылық» тақырыбында ауқымды мәдени-танымдық шара ұйымдастырылды.

Шараның мақсаты – кітаптың қоғамдағы маңызын заманауи тұрғыда дәріптеу, жастардың оқуға қызығушылығын арттыру және кітапхананың білім мен рухани дамудағы рөлін жаңа қырынан таныту.

Ашылу барысында университеттің ғылыми жұмыстар және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректоры Ақтолқын Құлсариева сөз сөйлеп, кітаптың интеллектуалды ұлт қалыптастырудағы маңызын атап өтті. Сондай-ақ ол кітапхананың білім мен ғылымды ұштастыратын заманауи орталыққа айналғанына тоқталды.

Бағдарлама аясында кітап жәрмеңкесі өтіп, «Qasym», «Kemel», «Отбасы хрестоматиясы», «Pearson», «English Book», «Steppe & World», «Marfu Shop», «Interpress», «Арман ПВ», «Macmillan Education» баспалары өз өнімдерін ұсынды.

Сонымен қатар жаңа ғылыми және көркем әдебиеттердің таныстырылымдары ұйымдастырылып, студенттер арасында танымдық викториналар өткізілді. Кітапсүйер, зияткер жастар арнайы марапаттарға ие болды.

