Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Орыс тілі мен әдебиеті кафедрасының ұйымдастыруымен дәстүрлі «Тіл – халықтың жан сыры» атты республикалық байқау өтті.

Шараның басты мақсаты – студенттердің шығармашылық қабілеттерін дамыту, сөйлеу мәдениетін қалыптастыру, сондай-ақ еліміздегі жоғары оқу орындары арасындағы академиялық байланысты нығайту.

Білім бәйгесіне Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарының командалары қатысты. Атап айтқанда, Азаматтық авиация академиясы, М. Тынышпаев атындағы Alt Университеті, С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті, Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясы және Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті студенттері өзара бақ сынасты.

Интеллектуалды сайыс бес кезеңнен тұрды: командалардың сәлемдесуі, мәнерлеп оқу, шешендік өнер сайысы, тестілеу және викторина. Қатысушылар орыс тілін меңгерудің жоғары деңгейін көрсетіп қана қоймай, тапсырмаларды орындауда креативті ойлау қабілеттерімен ерекшеленді.

Байқау қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен командалар І, ІІ және ІІІ дәрежелі дипломдармен марапатталды.



