Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің базасында «Мектепке дейінгі тәрбиелеу және оқыту педагогикасы», «Пәндік мамандандырылмаған мұғалімдерді даярлау» және «Әлеуметтік педагогика» бағыттары бойынша Оқу-әдістемелік бірлестігінің көшпелі отырысын өткізді.

«Цифрлық технологиялар және педагогтерді даярлаудағы EdTech» тақырыбына арналған ауқымды шара Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылды.

                                       

Жиынның ашылуында Оқу-әдістемелік бірлестігінің жобаларды басқару топтарының төрағасы, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Кәрімова Бейбіткүл Сәрсемханқызы сөз сөйлеп, көшпелі отырыстың маңызына тоқталды. Сонымен қатар күн тәртібіндегі мәселелердің болашақ педагогтерді кәсіби даярлау ісіндегі стратегиялық рөлін атап өтті.

Сондай-ақ, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетінің төрағасы Жарасова Гүлжан Сағидуллақызы мен ҚР Оқу-ағарту министрлігі Мектепке дейінгі білім департаментінің директоры Адамова Манара Елекенқызы өз баяндамаларында педагог кадрларды даярлау сапасын арттыру, білім беру мазмұнын жаңғырту, цифрлық ресурстарды тиімді пайдалану және мектепке дейінгі білім беру жүйесін дамыту мәселелеріне тоқталды.

                                       

Маңызды отырысқа қазақстандық және шетелдік жоғары оқу орындарының өкілдері, білікті педагог-ғалымдар мен сарапшылар қатысып, білім беру саласындағы заманауи технологиялардың тиімділігі туралы баяндамалар жасады. Атап айтқанда, Дебрецен университетінің профессоры Anikó Nagy Varga жасанды интеллект дәуіріндегі балаларды оқытудың этикалық аспектілеріне тоқталса, Гонконг білім университетінің профессоры Song Yanjie метакеңістік және генеративті жасанды интеллект технологиялары туралы баяндама жасады. Сонымен қатар Ұлттық тестілеу орталығы мен Жоғары білімді дамыту ұлттық орталығының мамандары білім сапасын бағалау және ғылыми зерттеулердегі цифрлық құралдардың рөліне қатысты өз зерттеулерін ұсынды.

                                       

Шараға серіктес ұйымдардың өкілдері, оның ішінде Назарбаев Университеті мен Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының мамандары арнайы шақырылып, кәсіби талқылауларға белсенді қатысты.

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Суатай  Сәбит Құрманжанұлы  «Көшпелі отырыс аясында тәжірибе алмасу жүзеге асып, педагогикалық білім беруді жетілдіруде цифрлық технологияларды тиімді қолдану мәселелері жан-жақты талқыланды. Іс-шара нәтижесінде білім беру үдерісіне инновациялық тәсілдерді енгізу бойынша маңызды ұсыныстар енгізілді» – деп атап өтті.