Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде 12 сәуір – Ғылым күнінен бастау алған «Ғылым декадасы – 2026» іс-шаралар тізбегі өз мәресіне жетті.

Қорытынды жиынға ҚР Президенті жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясының Білім және қоғамды дамыту ғылыми орталығының жетекшісі Жеңісбек Төлен Мұратбекұлы, Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының басшысы Азиз Оралбекұлы Қажденбек, университеттің оқытушы-профессорлары, жас ғалымдар мен студенттер қатысты.

Декаданың жабылу салтанатында университеттің Басқарма Төрағасы – Ректоры Кәрімова Бейбіткүл Сәрсемханқызы құттықтау сөз сөйлеп, бұл бастаманың жай ғана іс-шаралар жиынтығы емес, ой мен идеяның, ізденіс пен жаңашылдықтың, ғылым мен білімнің тоғысқан бірегей алаңына айналғанын атап өтті.

Салтанатты жиын барысында университеттің ғылым саласындағы жетістіктері мен алдағы стратегиялық бағыттары сараланды. Ғылым декадасы аясында ұйымдастырылған конференциялар, дөңгелек үстелдер, семинарлар, шеберлік сабақтары, тренингтер, дебаттар және стартап таныстырылымдары оқу орнының ғылыми әлеуетін айқындап, зерттеушілік мәдениеттің жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетті. Бұл іс-шаралар студенттер мен оқытушылардың ғылымға деген қызығушылығын арттырды.

Іс-шара қорытындысы бойынша университеттің бірқатар ғалымдары Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің ведомстволық наградаларымен, ҚР Президенті жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясының, Алматы қаласы әкімінің және университет ректорының Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарымен марапатталды.

«Көшбасшы ғалым» номинациясы бойынша үздік атанғандарға ғылыми-практикалық конференцияларға қатысу, ғылыми мақалалар жариялау және қажет болған жағдайда зертханаларды жалға алу үшін 300 000 теңге көлемінде сертификаттар табысталды. Scopus немесе WoS базаларындағы жоғары Хирш индексі үшін «Хирш үздігі» номинациясы иегерлеріне 250 000 теңге, ал 40 жасқа дейінгі зерттеушілер арасында ғылыми белсенділігімен ерекшеленген «Белсенді жас ғалым» номинациясы жеңімпаздарына 250 000 теңге сыйақы берілді.

Сондай-ақ стартап жобалар, ғылыми-зерттеу жұмыстары (НИРС, НИРМ, РСПО) және студенттік жарияланымдарға жетекшілік ету көрсеткіштері негізінде анықталған «Студенттік ғылымды дамытушы» номинациясы бойынша бірқатар оқытушылар 250 000 теңге көлемінде сыйақымен марапатталды. «Ғылым декадасы – 2026» университеттің ғылыми әлеуетін арттырып, зерттеу мәдениетін дамытуға тың серпін берді. Аталған іс-шаралар білім алушылар мен ғалымдардың ғылыми белсенділігін күшейтіп, университеттің ғылым мен білім саласындағы ұстанымын нығайтуға ықпал етті.
