QyzPU өкілдері 23–24 сәуір күндері Шымкент қаласында өткен «Шәкірт ойы» атты ауқымды білім көрмесінде университеттің білім беру бағдарламаларын таныстырды. Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен және «Aiman Education» орталығының ұйымдастыруымен өткен бұл шараға өңірден 4000-ға жуық оқушы мен ата-ана қатысты.
Көрменің мақсаты — мектеп бітірушілерге мамандық таңдауда бағыт-бағдар беру, еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының мүмкіндіктерін таныстыру және талапкерлердің сапалы білім гранттарына ие болуына жағдай жасау.
10-нан астам үздік университет таныстырылым жасаған алаңда QyzPU атынан Филология институтының оқытушысы Надира Ермек пен 2-курс студенті Жасмин Адылкан қатысты. Университет өкілдері талапкерлерге қабылдау талаптары, академиялық ұтқырлық бағдарламалары, жатақхана мәселесі және студенттік өмірдің ерекшеліктері туралы жан-жақты ақпарат берді.
Бұл іс-шара QyzPU-дың оңтүстік өңірдегі беделін нығайтуға және болашақ студенттермен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік берді. Кездесу соңында талапкерлер өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алып, университеттің білім беру жүйесіне жоғары қызығушылық танытты.
