QyzPU мен Түркия Республикасының Йылдыз техникалық университеті арасындағы әріптестік жаңа деңгейге көтерілді. Екіжақты келісім аясында Йылдыз техникалық университетінің қаржыландыруымен жүзеге асырылатын BAP бағдарламасы бойынша QyzPU профессор-оқытушылары халықаралық ғылыми жобаға қол жеткізді.

Жобаны Йылдыз техникалық университетінің PhD, профессор Бахадир Кескин басқарып отыр. Ал Қазақстан тарапынан жобаға Жаратылыстану институтының, химия кафедрасының профессор-оқытушылары – х.ғ.д., профессор Матаев Мұхаметқали Мұсағалиұлы, х.ғ.к., қауымдастырылған профессор м.а. Нұрбекова Маржан Абдыжапарқызы, PhD, қауымдастырылған профессор м.а. Абдраймова Мөлдір Рашидқызы қатысуда.

Жоба тақырыбы: Электрокаталитикалық белсенділікті және графен-қоспалы әртүрлі өтпелі металдармен байытылған перовскит-құрылымдалған темір манганиттерінің сутегі өндірісін жақсарту (ПЕРОВСКИТЕНАНОГРАФЕН PNG).

Аталған жобаны іске асыру мақсатында Йылдыз техникалық университетінің профессоры QyzPU-ға бір апталық іссапармен келді. Сапар барысында ол университеттің Басқарма Төрағасы – Ректоры міндетін атқарушы Сәбит Құрманжанұлы Суатаймен кездесіп, алдағы ғылыми ынтымақтастық бағыттарын талқылады.

Тараптар докторанттардың зерттеу жобаларына жетекшілік етуді жалғастырып, екі университет арасындағы академиялық байланысты одан әрі нығайтуға ниетті.