2025 жылғы 27 қыркүйекте Жаратылыстану институты, География кафедрасының ұйымдастыруымен Халықаралық туризм күніне орай «Табиғатпен дос бол!» атты туризм техникасы мен тактикасына арналған сайыс өтті.

Жарыс Алматы қаласының көрікті аймағы – Медеу шатқалында ұйымдастырылып, студенттерге табиғат аясында өз білімдері мен дағдыларын көрсетуге мүмкіндік берді. Сайысқа География, Химия және Биология білім беру бағдарламаларының білім алушыларынан құралған 7 команда қатысып, туристік техника мен тактикалық әдіс-тәсілдер бойынша бақ сынасты.

Шараның басты мақсаты – студенттерді салауатты өмір салтын ұстануға, табиғатты аялауға, сондай-ақ командалық жұмыс арқылы ұжымдық рухты нығайтуға және достық қарым-қатынасты дамытуға баулу болды.

Туризмдік жарыс барысында қатысушылар түрлі тапсырмаларды орындап қана қоймай, әсем ән мен биден, табиғат аясындағы ортақ дастарханнан ерекше әсер алды.

Сайыс жеңімпаздары:

  •  Бас жүлде – География БББ, «Туризм» мамандығының «Әлем» командасы
  •  I орын – Химия БББ «Алхимиктер» командасы
  •  II орын – География БББ «Jas Stars» командасы
  •  III орын – Биология БББ «Цитобум» командасы

Сонымен қатар «101 роза», «Орбита», «Китик» командалары белсенді қатысқаны үшін Алғыс хатпен марапатталды.

Ұйымдастырушылар жарысқа қолдау көрсеткен профессор-оқытушылар құрамына және белсенділік танытқан студенттерге алғысын білдірді.

Бұл сайыс студенттерді табиғатты қорғауға, салауатты өмір салтын насихаттауға және туризм мәдениетін дамытуға серпін берді.