Бүгін Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде Әлеуметтік –гуманитарлық ғылымдар және өнер институтының 1-курс студенттеріне арналған «Қаржылық сауаттылық негіздері» тақырыбындағы кезекті мотивациялық дәріс өтті. Шараны Тұлға қалыптастыру департаменті, Қыздар көшбасшылығы және кәсіпкерлік орталығы ұйымдастырды.

Дәрістің басты мақсаты – студенттердің қаржылық мәдениетін қалыптастырып, олардың кәсіби және жеке дамуына қолдау көрсету. Сонымен қатар, жастардың бәсекеге қабілетті әрі әлеуметтік жауапты тұлға болып қалыптасуына жағдай жасау болды.

Дәріс қонағы – Алматы және Астана қалаларындағы Jidek брендінің негізін қалаушы, бизнес-консультант, жеке кәсіпкер әрі қаржыгер Байшина Фариза Абаевна.

Кездесу барысында студенттер қаражатты тиімді басқарудың қыр-сырын меңгерді. Олар жәрдемақыны ұтымды пайдалану, шығынды жоспарлау, үнемдеу мен жинақтау, қарыздан сақтану жолдары туралы тың мәліметтер алды.

Бұл бастама БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарымен үндеседі. Атап айтқанда, «Сапалы білім беру» (ТДМ 4), «Лайықты жұмыс пен экономикалық өсу» (ТДМ 8), сондай-ақ «Гендерлік теңдік» бағыттарына сай жүзеге асырылып, студенттердің қаржылық сауаттылығын арттыруға, кәсіби дамуына және еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болуына серпін берді.