Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің базасында Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар және өнер институты, Қоғамдық-гуманитарлық пәндер кафедрасының ұйымдастыруымен «Әлеуметтану» білім беру бағдарламасы бойынша XVIII Республикалық студенттік пәндік олимпиада өтті.

Интеллектуалды жарыстың мақсаты – болашақ мамандардың кәсіби құзыреттілігін арттыру, студенттердің ғылыми-зерттеу әлеуетін ашу және қазіргі қоғамның әлеуметтік архитектурасын зерделей алатын талантты жастарды анықтау.

Республикалық олимпиадаға жетекші жоғары оқу орындарының командалары қатысты. Атап айтқанда, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті, Нархоз университеті және Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің білім алушылары бақ сынап, өзара тәжірибе алмасты.

Байқау екі стратегиялық кезеңді қамтып, алдымен «Танысу» кезеңінде командалар бейнероликтер арқылы өздерінің креативті шешімдері мен әлеуметтанулық көзқарастарын паш етсе, келесі кезекте қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталған ғылыми жобаларын қорғап, олардың практикалық жаңашылдығы мен әлеуметтік тиімділігін нақты дәлелдермен негіздеді.

Олимпиадада әлеуметтану ғылымдарының докторы, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Философия, саясаттану және дінтану институтының» Бас директоры Айгүл Садвакасова төрағалық етті.

Салтанатты жабылу рәсімінде университеттің Басқарма Төрағасы – Ректор Кәрімова Бейбіткүл Сәрсемханқызы қатысушыларға арнаған құттықтау сөзінде бұл шараның маңыздылығына тоқталды: «Бүгінгі олимпиада – тек білім бәйгесі емес, бұл еліміздің әлеуметтік дамуына үлес қосатын болашақ сарапшылардың бас қосуы. Әлеуметтану – қоғамның тынысын дөп басатын ғылым болғандықтан, жас зерттеушілердің аналитикалық ойлау қабілеті мен инновациялық ізденісі мемлекетіміздің интеллектуалды капиталын арттыруда стратегиялық маңызға ие», – деп атап өтті университет басшысы.

Жиын соңында үздік нәтиже көрсеткен жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
