Ширек ғасыр ішінде тек өнер ұжымы ретінде ғана емес, ұлттық рух пен қазақ биінің көркем болмысын дәріптеген тағылымды мектеп ретінде қалыптасқан Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің «Томирис» би ансамблінің құрылғанына 25 жыл. Осы атаулы мерейтой құрметіне орай өнер мен мәдениет саласының майталмандары бас қосқан салтанатты концерт ұйымдастырылды.

                                        

Іс-шараның мақсаты – ұлттық би өнерін дәріптеу, ансамбльдің ширек ғасырлық шығармашылық жолын қорытындылау және жас таланттарды таныстыру.  Мерекелік кеш барысында ансамбльдің негізін қалаған жетекшілер, Мәдениет саласының үздіктері Роза Сабдалиева мен Бану Тұрғымбаева құттықтау сөз сөйлеп, ұжымның қалыптасу тарихына тоқталды.

                                         

Салтанатты жиынға арнайы қонақ ретінде Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері Галина Қарамолдаева, Ғайникамал Бейсенова, Ғазиза Әбдиева, сондай-ақ «Салтанат» мемлекеттік би ансамблі мен ҚР Фольклорлық мемлекеттік би ансамблінің өкілдері қатысты. Сахна төрінде ансамбль бишілері ұлттық нақыштағы және түрлі жанрдағы билерді орындап, 25 жылдық шығармашылық тәжірибелерін паш етті.

                                         

Бүгінде ансамбль құрамында 20-ға жуық студент өнер көрсетеді және олардың репертуарында қазақ ұлттық билерімен қатар әлем халықтарының 30-дан астам биі бар. 25 жыл ішінде «Томирис» ұжымы тек студенттік ансамбль деңгейінде қалып қоймай, ұлттық мұраны заманауи бағытта дамытатын кәсіби шығармашылық мектепке айналды.

                                        

Ұжымның халықаралық және республикалық деңгейдегі беделі жоғары, атап айтқанда, Қарағандыда өткен «Жас толқын» және Павлодардағы «Ертіс жұлдыздары» фестивальдерінде Гран-при иеленген, сондай-ақ Киев қаласындағы Халықаралық Дельфий ойындарында жүлделі екінші орынды иеленген.