Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының докторы, Қазына Аймағамбетқызының ғылыми-педагогикалық мұрасына арналған арнайы кабинет ашылды. Айтулы шара профессордың «Өмір өткелдері» атты жаңа кітабының тұсаукесеріне ұласты.

Ғалымның кабинеті студенттер мен оқытушылар үшін ғылыми-танымдық орта қалыптастыруға бағытталған бірегей білім беру кеңістігіне айналды. Мұнда автордың 100-ден астам ғылыми еңбегі, оқу-әдістемелік материалдары мен жеке мұрағаттық деректері жинақталған.

Ресми салтанат аясында профессордың Педагогика және психология институты Бастауыш оқытудың педагогикасы мен әдістемесі кафедрасы ұйымдастырған іс-шараға Университеттің Басқарма Төрағасы – Ректор Кәрімова Бейбіткүл Сәрсемханқызы қатысып, алғы сөз сөйледі. Ректор өз сөзінде профессордың отандық білім беру саласындағы ерен еңбегін ерекше атап өтіп, ғалымның өнегелі жолына жоғары баға берді.

Шараға қадірлі қонақ ретінде «Arman-PV» баспасының бас директорының орынбасары Қараева Қымбат Амантұрлықызы, баспаның бас редакторы Бекболатова Айгүл Нұрмұқашқызы және ақын-жазушы, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, «Жаркент айнасы» газетінің бас редакторы Солтанаев Молот Мұсаұлы қатысты.

Кеш барысында студенттер кітап желісі бойынша сахналық қойылымдар ұсынып, шығармадан үзінділер оқыды және автордың өмір жолы туралы бейнероликтер көрсетілді.

Қазына Аймағамбетқызы – 100-ден астам ғылыми еңбектің авторы, Құрмет орденінің иегері, Халық ағарту ісінің үздігі, Ы.Алтынсарин медалінің иегері.

Бұл жиын автордың ғылыми мұрасын дәріптеп қана қоймай, оны болашақ ұрпақ үшін мұрағаттауға мүмкіндік берді.








