Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде Оңтүстік Кореяның Dongduk Women’s University өкілдерімен ресми кездесу өтті. Донгук университетінің тарапынан кездесуге Халықаралық алмасу және ынтымақтастық офисінің басшысы, профессор Шин Ха Ген, сондай-ақ Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Шығыстану факультетінің шақырылған профессорлары Мун Сон Ок және Бунг Сон Чун қатысты.

Кездесудің мақсаты – екі жоғары оқу орны арасындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайту, білім беру, ғылыми-зерттеу, мәдени және академиялық бағыттардағы бірлескен жобаларды дамыту мәселелерін талқылау.

Кездесу барысында тараптар ғылыми-білім беру саласындағы ықпалдастықты тереңдету, студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығын дамыту және бірлескен алмасу бағдарламаларын іске асыру мәселелерін талқылады. Сондай-ақ халықаралық конференциялар ұйымдастыру мен ортақ ғылыми жобаларды жүзеге асыру арқылы екі университеттің академиялық әлеуетін арттыру мүмкіндіктері қарастырылды. Жиын қорытындысы бойынша тараптар әріптестікті жүйелі дамытуға және нақты жобаларды орындауға уағдаласты.

Айта кетейік, осы жылдың 13–21 қаңтары аралығында аталған университетпен бірлесіп Волонтерлік қысқы мектеп ұйымдастырылған болатын. Сонымен қатар, қазір Dongduk Women’s University-де Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің үш студенті академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында білім алуда.