Физика, математика және цифрлық технологиялар институтында студенттерді IT индустриясының заманауи трендтерімен таныстыру және цифрлық ортада қажетті кәсіби дағдыларды қалыптастыру мақсатында «IT-экожүйе: білім, дағдылар және өз жобаңды жүзеге асыру жолы» тақырыбында қонақ дәріс ұйымдастырылды.

Шараның спикері ретінде Astana Hub халықаралық технопаркінің білім беру және бизнес бағдарламалар офисінің бас менеджері Қалымбетова Райхан Сейдалиқызы сөз сөйледі.

Дәріс барысында IT саласындағы сұранысқа ие құзыреттер, технологиялық кәсіпкерлік және стартап мәдениеті туралы жан-жақты мәлімет берілді. Сонымен қатар студенттерге инновациялық идеяларды дамыту, команда құру, акселерациялық бағдарламалардың артықшылықтары мен халықаралық нарыққа шығу тетіктері түсіндірілді.

Студенттер тарапынан Astana Hub экожүйесінің мүмкіндіктеріне, атап айтқанда стартаптарды менторлық сүйемелдеу және қолдау бағыттарына ерекше қызығушылық білдірілді.

Жиын соңында қатысушылар мамандармен пікір алмасып, жеке жобаларын жүзеге асыру мен IT саласындағы кәсіби даму бағыттары бойынша құнды кеңестер алды.