Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті Жүсіп Баласағын атындағы қырғыз ұлттық университетімен бірлесе отырып, «Сөз жұлдызы: орыс тілі және мәдениеттер диалогы» атты студенттердің халықаралық олимпиадасын өткізді.

                                        

Олимпиаданың мақсаты – гуманитарлық саладағы халықаралық ынтымақтастықты дамыту, студенттердің кәсіби құзыреттілігі мен сыни ойлау қабілетін арттыру, сондай-ақ мәдениетаралық байланыстарды нығайту арқылы болашақ көшбасшыларды қалыптастыру.

                                         

Жиынның ашылуында сөз сөйлеген университеттің ғылыми жұмыс және стратегиялық бастамалар жөніндегі проректоры Ақтолқын Құлсариева: «Мұндай олимпиаданы өткізу – гуманитарлық ынтымақтастықты дамытуға және халықаралық академиялық байланыстарды нығайтуға қосылған үлес», – деп атап өтті.

                                       

Сондай-ақ шараға Ресейдің «Диалог культур» коммерциялық емес автономды ұйымы директорының орынбасары Михаил Биричевский және Жүсіп Баласағын атындағы қырғыз ұлттық университетінің жоба жетекшісі Саадат Шерматова қатысып, қатысушыларға сәттілік тіледі.

                                        

Халықаралық деңгейде ұйымдастырылған ауқымды додаға алыс және жақын шет елдердің жетекші оқу орындарынан келген студенттер қатысты. Атап айтқанда, білім бәйгесінде Қырғызстаннан Талас өңірлік көпсалалы институты мен Қасым Тыныстанов атындағы Ыстықкөл мемлекеттік университетінің, Өзбекстан, Тәжікстан және Моңғолия мемлекеттерінің өкілдері, сондай-ақ еліміздің Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті мен Қонаев университетінің білім алушылары өзара бақ сынасты.

                                        

Ресми бөлімнен кейін қатысушылар аналитикалық тапсырмалар мен пәнаралық кейстерді шешуге бағытталған конкурстық кезеңге кірісіп, күннің екінші жартысында өткен финалда өз идеяларын көпшілік алдында қорғап шықты.

                                        

Жарыс қорытындысы бойынша жүлделі орындар келесідей бөлінді: бірінші орынды Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің «QuzPU stars» командасы иеленсе, екінші орын Қырғыз Республикасы, Талас өңірлік көпсалалы институтының «Пламенные вершины» командасына бұйырды, ал Қырғыз Республикасы, Қасым Тыныстанов атындағы Ыстықкөл мемлекеттік университетінің «Логос» командасы үшінші орын алды. Барлық жеңімпаздар арнайы бағалы сыйлықтармен және алғыс хаттармен салтанатты түрде марапатталды.