Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті кәсіби бағдар беру және талапкерлерге мамандық таңдауда қолдау көрсету мақсатында республикамыздың бірқатар өңірлеріндегі мектеп бітіруші түлектер мен ата-аналарға арналған онлайн кездесу ұйымдастырды.
Іс-шараның негізгі мақсаты – талапкерлерге университеттің білім беру бағдарламалары, даярлау бағыттары мен мамандықтары туралы жан-жақты ақпарат беру, сондай-ақ кәсіби бағдар беру жұмыстарын күшейту.
Онлайн кездесу барысында Алматы, Жамбыл, Жетісу, Түркістан, Атырау, Ақтөбе және Маңғыстау облыстары қамтылды.
Кездесуді Академиялық мәселелер жөніндегі проректор Суатай Сәбит Құрманжанұлы ашып, кәсіби бағдар беру жұмыстарының маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар Академиялық саясат және сапаны қамтамасыз ету департаментінің директоры Байғараев Нұрлан Әлиұлы талапкерлерге сапалы білім беру мен саналы мамандық таңдаудың болашақ кәсіби дамудағы рөліне ерекше назар аударды.
Аймақтармен онлайн байланыс барысында талапкерлер мен ата-аналарға оқуға қабылдау ережелері, университет жанындағы институттардың қызметі, жатақханаға орналасу тәртібі, халықаралық ынтымақтастық мүмкіндіктері, қос дипломды білім беру бағдарламалары, сондай-ақ биылғы ҰБТ нәтижелері бойынша мамандықтардың шекті балдары туралы кең көлемде ақпарат ұсынылды.
Кездесу барысында университет мамандары мектеп бітіруші түлектер мен ата-аналарды толғандырған сұрақтарға жауап беріп, талапкерлерге қажетті түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Іс-шара қорытындысында қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарға толыққанды жауап алып, университеттің білім беру мүмкіндіктері туралы жан-жақты ақпаратпен танысты. Онлайн кездесу талапкерлер мен ата-аналардың мамандық таңдауға қатысты бағыт-бағдар алуына және болашақ оқу орнын саналы таңдауға мүмкіндік берді.
