Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде Физика, математика және цифрлық технологиялар институты мен Информатика кафедрасы АҚШ пен Филиппинде орналасқан халықаралық Techedify компаниясымен бірлесе отырып «AI Vibe Coding Challenge Demo Day» байқауын өткізді.
«AI Vibe Coding Challenge» – бұл университеттегі «Жасанды интеллект негіздері» пәнінің қорытынды кезеңі. Студенттер алдымен Techedify компаниясы әзірлеген 4 модульдік арнайы курстан өтті.

Жобаның басты ерекшелігі – курс қазақ тілінде дайындалып, оған Teach AI интеллектуалды ассистенті кірістірілген. Студенттер Codebox платформасын қолдана отырып, жасанды интеллекттің көмегімен нақты білім беру қосымшалары мен ойындарын жасап шықты.

Байқаудың ашылу салтанатында «Techedify» компаниясының бас директоры Джозеф Бэк болашақ педагогтердің цифрлық дағдыларын дамыту оқу процесінде озық технологияларды тиімді қолдануға және білім беру сапасын арттыруға негіз болатынын атап өтті.

Қорытынды байқауға Информатика, Кітапхана ісі, География-Туризм және Биология сияқты әртүрлі мамандықтардан 100-ден астам студент қатысты. Барлығы 30-ға жуық команда өздерінің инновациялық жобаларын қорғап, ЖИ саласындағы қабілеттерін сынға салды. Сараптама нәтижесінде ең үздік 6 команда іріктеліп, жүлделі орындарға ие болды.

Жеңімпаз командалар дәрежелі дипломдармен марапатталып, Codebox платформасымен тегін жұмыс істеу мүмкіндігін алды:
- І орын: «Hypatia» командасы (Кітапхана ісі);
- ІІ орын: «Vebenix» және «Digital Girls» командалары (Информатика);
- ІІІ орын: «Zhas Tech» (География-Тарих), сондай-ақ «Trinity AI» және «Digital Qazaq» (Информатика) командалары.
