ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Ғылым – қоғам игілігіне» жобасы аясында отандық ғылымның дамуына елеулі үлес қосып жүрген химия ғылымдарының докторы, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің профессоры Мұхаметқали Матаевтың ғылыми еңбегі мен жетістіктері толығырақ баяндалады.

Мұхаметқали Мұсағалиұлы 1980-1985 жылдары Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің химия факультетін үздік тәмамдап, 1991 жылы М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде ғылыми тағылымдамадан өткен.

 

                                             

 Ғалым 1995 жылы кандидаттық, 2010 жылы докторлық диссертациясын қорғап, 2002 жылы доцент, 2018 жылы профессор атағын алды, ал 2021 жылы ҚР Ұлттық тау-кен ғылымдары академиясының академигі болып сайланды.

                                           

 Профессордың ғылыми қызметі жаңа функционалды материалдарды синтездеу мен уран өндіру саласына арналған инновациялық технологияларды әзірлеуге негізделген. Оның зерттеулері іргелі ғылымды өндірістік тәжірибемен ұштастырып, экономикалық тиімділік пен технологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған. Ғалымның авторлығымен патенттелген технологиялар бүгінде өндірісте сәтті қолданылып, уран өндіретін ұңғымалардың өнімділігін 20-30 пайызға арттыруға және реагенттер шығынын азайтуға мүмкіндік берді. Қазіргі таңда ғалым 2025-2027 жылдарға арналған AP26198947 жобасы аясында көпкомпонентті перовскиттердің қасиеттерін зерттеумен айналысуда.

                                            

Сонымен қатар, қазіргі уақытта ғалымның қатысуымен уранды жерасты шаймалау жағдайында ұңғымаларды химиялық өңдеуге арналған жылжымалы қондырғыны енгізу бойынша коммерцияландыру жобасы жүзеге асырылуда. Бұл жоба ғылым нәтижелерін нақты өндірістік өнімге айналдыруға және ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтуды көздейді. 100-ден астам ғылыми еңбектің авторы Мұхаметқали Матаев шәкірт тәрбиелеп, отандық химия мектебін нығайтуға қажырлы еңбек етіп келеді.