Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Әбжаппар Аблақұлының құрметіне арналған мұғалімдер мен білім алушылардың бірлескен педагогикалық идеялар жәрмеңкесі ұйымдастырылды.

Іс-шараның мақсаты – ғылым мен оқытудың инновациялық технологияларын кіріктіру, сондай-ақ университет пен мектеп және колледж арасындағы әріптестік кәсіби диалогты дамыту.

Кәсіби тәжірибе алмасу бағытындағы бұл жиынға әртүрлі өңірден 9-11 сынып оқушылары мен колледж студенттері және олардың жетекшілері онлайн форматта қатысты.

Жәрмеңке жұмысы үш бағыт бойынша жүргізілді. «Қазақ тілін оқыту: озық тәжірибе және креативті әдістер алаңы» конкурсында ұстаз бен шәкірттің авторлық әдістері қорғалып, онда профессор Әбжаппар Аблақов зерттеген грамматикалық тақырыптарды оқытудың жаңашылдығына басымдық берілді. Екінші бағытта қатысушылар жасанды интеллект көмегімен болашақ мамандығы туралы бейнероликтер әзірлесе, үшінші бағытта «Егер Қыздар университетінің студенті болсам...» тақырыбында эссе байқауы ұйымдастырылды.

Байқаулардың қорытындысы бойынша өзіндік ізденісімен және тиімді идеяларымен ерекшеленген оқушылар мен колледж студенттеріне арнайы марапаттау қағаздары табысталды.