Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде «Педагогикалық идеялар фестивалі» аясында «ХХ Халықаралық түркі мәдениеті, өнері және мәдени мұрасы» атты симпозиум өз жұмысын бастады.

Биылғы ауқымды ғылыми-мәдени шара Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті мен Түркияның Айдын Аднан Мендерес университеті жанындағы Түрік өнері мен мәдениетін қолдану және зерттеу орталығының бірлесе ұйымдастыруымен өтіп жатыр.

Халықаралық симпозиумның биылғы негізгі тақырыбы Қазақстанның танымал суретшісі, Ресей мен Армения Суретшілер одағының құрметті мүшесі, Өнер академиясының академигі, профессор Марат Еңсебекұлы Тұрғымбайдың 50 жылдық шығармашылық мерейтойына арналған.

Жиынның мақсаты – түркі халықтарының мәдени мұрасы саласындағы ғылыми зерттеулерді өрістету, ортақ тарихи құндылықтарды сақтау және халықаралық академиялық ынтымақтастықты нығайту.

Симпозиумның ресми ашылу салтанатында университет Басқарма Төрағасы – Ректор Кәрімова Бейбіткүл Сәрсемханқызы құттықтау сөз сөйлеп, бұл шараның оқу орны мен бауырлас мемлекеттер үшін маңызына тоқталды:«Бүгін бастау алған «Мектеп - университет - нарық: білім берудің жаңа архитектурасы» педагогикалық идеялар фестивалі аясындағы бұл XX халықаралық симпозиум – түркі мемлекеттерімен қалыптасқан серіктестігіміздің нақты нәтижесі. Біздің басты миссиямыз – заманауи білім мен ұлттық құндылықтарды ұштастыра отырып, бәсекеге қабілетті педагогтардың жаңа моделін қалыптастыру », – деді ректор.

Жиынға арнайы қатысқан Түркия Республикасының Алматы қаласындағы Бас Консулы Тугба Алан Озденфедакар ханым құттықтау сөз сөйлеп, екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстардың нығайып келе жатқанын атап өтті.

Шараның мазмұндық сипаты мен ғылыми жаңалығы туралы Айдын Аднан Мендерес университетінің PhD докторы, симпозиум төрағасы әрі көрме кураторы Ахмет Айтач өз пікірін білдірді: «ХХ мәрте ұйымдастырылып отырған бұл симпозиум ғалымдар мен қолөнер шеберлерінің өзара тәжірибе алмасуына мүмкіндік береді. Біз үшін Түркі әлемінің өнерін ғылыми тұрғыда саралап, жаңа зерттеулер мен тың нәтижелерді ортаға салу маңызды. Шараның дәл осы білім ордасында өтуі бірлескен жобаларымыздың өміршеңдігін дәлелдейді», – деді төраға.

Ресми бөлімнен кейін симпозиумға қатысушылар университет базасындағы «Ай тұмар» мұражайын аралап, Марат Тұрғымбайдың жеке шығармашылық көрмесінің ресми ашылуына қатысты.

Халықаралық симпозиум екі күнге жоспарланған. Жиын барысында Түркия, Әзірбайжан және Өзбекстан елдерінен келген жетекші ғалымдар мен профессорлардың түркі мәдениеті мен өнерінің өзекті мәселелеріне арналған ғылыми баяндамалары тыңдалып, талқыланады.



