Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті мен Филология ғылымдары зерттеулерін сараптамалық үйлестіру орталығы ұйымдастыруымен белгілі тілші, терминолог-ғалым, профессор Жәкен Молдаспанұлы Молдажаровтың туғанына 95 жыл толуына орай «Мемлекеттік тіл және әлем тілдерін оқыту: тәжірибе мен инновациялық технологиялар» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік дөңгелек үстел өтті.

Ғылыми жиынның басты мақсаты – мемлекеттік тіл мен әлем тілдерін кәсіби деңгейде оқытудың өзекті мәселелерін талқылау, көптілді меңгерген білікті мамандар даярлау ісінің жай-күйін саралау және жоғары оқу орындарында шет тілі мамандарын даярлауға заманауи инновациялық технологияларды енгізу тетіктерін айқындау.

Іс-шараның ашылуында университеттің Басқарма төрағасы – ректор Бейбіткүл Сәрсемханқызы Кәрімова құттықтау сөз сөйлеп, ғылыми басқосудың отандық ғылым мен заманауи білім беру кеңістігі үшін маңыздылығына тоқталды. «Қазіргі жаһандану дәуірінде мемлекеттік тілді сапалы меңгертумен қатар, әлем тілдерін кәсіби деңгейде оқыту – заман талабы. Оқу орнымыздың Шетел тілдері кафедрасын ұзақ жылдар басқарып, оның ғылыми әлеуетін арттыруға зор үлес қосқан көрнекті ғалым Жәкен Молдажаровтың 95 жылдығына арналған бұл жиын бәсекеге қабілетті педагогтар даярлаудың жаңа бағыттарын айқындап, тың бастамаларға жол ашады деп сенемін»», – деді ректор.

Дөңгелек үстел ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясы Директорлар кеңесінің тәуелсіз директоры, академик, филология ғылымдарының докторы, профессор Кәрімбек Құрманәлиевтің модераторлығымен өтті. Кәрімбек Арыстанбекұлы «Жәкен Молдажаров еліміздегі көптілді білім беру мен шет тілі мамандарын даярлау ісінің басында тұрған бірегей тұлғ екенін атап өтіп, «Бүгінгі таңда отандық ғылым мен цифрлық технологияларды, соның ішінде жасанды интеллект мүмкіндіктерін тіл оқыту әдістемесімен ұштастыру – заман талабы. Көрнекті ғалымның мерейтойына арналған бұл алаң осы бағыттағы өзекті мәселелерді шешуге және жаңа инновациялық тәсілдерді енгізуге зор серпін береді» – деп атап өтті.

Офлайн және онлайн форматта өткен басқосуда отандық және шетелдік белгілі тілші-ғалымдар, ҚР ҰҒА академигі Зейнеп Базарбаева, филология ғылымдарының докторы, профессор Таңат Аяпова, пелдагогика ғылымдарының докторы, профессор Жаңалық Балтабаева, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, PhD Алтыншаш Құрманәлі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Айгүл Сәтбекова өзекті тақырыптарда мазмұнды баяндамалар жасап, өз тәжірибелерімен бөлісті.



