ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының Халықаралық қатынастар зерттеу орталығы мен Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті бірлесіп «Ғылым ордасы» ғимаратында «India’s Strategic Autonomy: A Special Feature» кітабының таныстырылымын және «Incredible India: New Opportunities for Kazakhstan» атты халықаралық дөңгелек үстел өткізді.
Халықаралық іс-шараның мақсаты – Үндістанның қазіргі халықаралық қатынастар жүйесіндегі стратегиялық рөлін айқындау, сондай-ақ Қазақстан мен Үндістан арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктерін талқылау үшін маңызды халықаралық сараптамалық алаң қалыптастыру.
Дипломаттар, ғалымдар мен халықаралық сарапшылар бас қосқан жиынның ашылуында ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының бөлім басшысы Анар Мұхтарова, ҚР СІМ Алматы қаласындағы өкілдігінің саяси топ жетекшісі Алмаша Аренова және Үндістанның Қазақстандағы бұрынғы Елшісі, «India Central Asia Foundation» ұйымының президенті Ашок Кумар Шарма құттықтау сөз сөйледі.
Шараның негізгі бөлігінде Радж Кумар Шарма өзінің «India’s Strategic Autonomy: A Special Feature» атты жаңа кітабын таныстырып, Үндістанның сыртқы саясаты, стратегиялық автономиясы және жаһандық қауіпсіздік жүйесіндегі рөліне тоқталды.
Тұсаукесер аясында еңбекке сараптамалық шолу жасаған Халықаралық қатынастар зерттеу орталығының директоры Думан Жекенов бұл зерттеудің қазіргі геосаяси жағдайдағы өзектілігін және Үндістан мен Орталық Азия елдері арасындағы байланыстарды тереңдетудегі маңызын жоғары бағалады.
Сараптамалық сессия барысында отандық және үндістандық жетекші мамандардың өзекті баяндамалары тыңдалды. Жиында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры Лаура Ерекешева мен ERI Research Center орталығының аға ғылыми қызметкері Альбина Мұратбекова Қазақстан-Үндістан қатынастарының даму перспективалары мен халықаралық өзара іс-қимылдың заманауи үрдістеріне арналған аналитикалық талдауларын ұсынды. Өз кезегінде «India Central Asia Foundation» ұйымының директоры Рамакант Двиведи Үндістан мен Орталық Азия елдері арасындағы стратегиялық ынтымақтастықты тереңдетудің жаңа бағыттарына тоқталып, екіжақты байланыстарды нығайтудың өзекті тетіктерін ортаға салды.
Пікірталас барысында қатысушылар Қазақстан мен Үндістан арасындағы академиялық, мәдени және стратегиялық байланыстарды нығайту тетіктерін саралап, бірлескен ғылыми-білім беру жобаларын дамыту мәселелерін талқылады.
Бұл басқосу екі елдің өзара серіктестікті кеңейтуге деген жоғары қызығушылығын тағы бір мәрте дәлелдеп, мемлекетаралық сараптамалық диалогты тереңдетуге елеулі үлес қосты.
