Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде «Мектеп – университет – нарық: білім берудің жаңа архитектурасы» педагогикалық идеялар фестивалінің ашылу салтанаты аясында QyzPU мен И.Арабаев атындағы Қырғыз мемлекеттік университеті (Қырғыз Республикасы) арасында өзара түсіністік туралы меморандумға және бірлескен білім беру бағдарламасы бойынша келісімге қол қою рәсімі өтті.

Бұл халықаралық ынтымақтастық ең алдымен бакалавриат деңгейіндегі «Бастауыш білім беру» бірлескен оқу бағдарламасын іске асыруға бағытталған.

Қол қою рәсіміне Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Кәрімова Бейбіткүл Сәрсемханқызы және И.Арабаев атындағы Қырғыз мемлекеттік университетінің ректоры Абдраева Айгүл Толоковна қатысты.

Меморандумға қол қойылғаннан кейін тараптар жеке кездесу өткізді. Кездесуге Қырғыз Республикасының Бас консулдығының вице-консулы Исанаева Чолпон Имангазиевна қатысып, бауырлас екі ел арасындағы ғылыми байланыстардың жаңа деңгейге көтерілгенін атап өтті.

Ресми басқосуда академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында студенттерді, профессор-оқытушылар құрамын және ғылыми қызметкерлерді өзара алмастыру, сондай-ақ білім беру мен ғылыми байланыстарды дамытуға бағытталған конференциялар, семинарлар мен түрлі жиындарды бірлесіп ұйымдастыру мәселелерін талқылады.

Сонымен қатар меморандум аясында академиялық ақпараттармен, оқу-әдістемелік құралдармен және материалдармен алмасу, өзара келісім негізінде академиялық ынтымақтастықтың өзге де бағыттарын дамыту көзделген.




