«Мектеп – Университет – Нарық: білім берудің жаңа архитектурасы» халықаралық фестивалі аясында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті мен Үндістан Республикасының CMR инженерлік колледжі (CMR Engineering College, JNTU University) арасында өзара түсіністік туралы меморандумға (MoU) қол қойылды.

                                       

Салтанатты шарада үндістандық оқу орнының атынан ресми өкіл ретінде Доцент, меморандумдар және дағдылар жөніндегі декан, доктор А. Прамод Кумар (Dr. A. Pramod Kumar) қатысты.

                                      

Бұл – екі ұйым арасындағы ресми байланысты бекіткен алғашқы тарихи келісім. Айта кету керек, осы ресми құжатқа қол қойылғанға дейін де екі оқу орны арасында тығыз шығармашылық байланыс орнап үлгерген болатын. Осы уақытқа дейін аталған университет профессоры Прамод Кумар QyzPU-да арнайы қонақ дәрістерін оқып, студенттермен және оқытушылар құрамымен белсенді түрде тәжірибе алмасып келді.

                                       

Аталған серіктестік алдағы уақытта екі ел арасындағы техникалық және педагогикалық ғылымдарды ұштастыруға, білім алушылардың жаһандық дағдыларын дамытуға жаңа серпін бермек. 2010 жылы негізі қаланған, Нью-Делидегі AICTE тарапынан мақұлданған және JNTUH-қа қарасты CMR инженерлік колледжі – Хайдарабад қаласындағы 10 акр аумақты алып жатқан ең таңдаулы әрі жетекші жекеменшік жоғары оқу орындарының бірі.