Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Түрікменстаннан келетін жастарға әр елден 3 гранттан, жалпы 12 білім беру грантын тағайындады. QyzPU-да өткен «Мектеп – Университет – Нарық: білім берудің жаңа архитектурасы» педагогикалық идеялар фестивалінің салтанатты ашылу рәсімінде жария етілген бұл игі бастама – университеттің интернационалдандыру бағытын дамыту және халықаралық байланыстарды кеңейту аясындағы жүйелі жұмысының нәтижесі.

                                      

Университет бұл жобаны ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің және Қазақстандағы шетелдік консулдықтардың қолдауымен жүзеге асырады.

                                      

Білім беру гранттарының сертификатын табыстау рәсімінде университет Басқарма Төрағасы – Ректор Кәрімова Бейбіткүл Сәрсемханқызы шетелдік студенттерге арналған гранттар халықаралық ынтымақтастықты арттыруға, Орталық Азия елдерімен білім беру кеңістігін тереңдетуге және өзара академиялық байланыстарды нығайтуға бағытталған маңызды қадам екенін атап өтті.

                                       

Бұл – Қазақстандағы педагогикалық білім мен ғылымның әлемдік стандарттарға сәйкес жаңа мәдени-интеллектуалдық моделін қалыптастыру жолындағы маңызды бастама.