Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде өтіп жатқан «Мектеп – университет – нарық: білім берудің жаңа архитектурасы» атты педагогикалық идеялардың халықаралық фестивалі аясында «Түлектер кездесуі – ұрпақтар үндестігі» атты мерейлі жылдар түлектерінің дәстүрлі кездесу кеші ұйымдастырылды.

Университеттің «Ақшатыр» алаңында өткен салтанатты жиынды Басқарма Төрағасы – Ректор Кәрімова Бейбіткүл Сәрсемханқызы құттықтау сөзбен ашып, шараның оқу орны үшін тарихи әрі рухани маңызына тоқталды. Сонымен қатар алтын ұясына қайта оралған түлектерге шынайы ризашылығын білдірді.

«Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті – тек Қазақстанда ғана емес, ТМД мен Орталық Азия кеңістігіндегі қыз балаларға арналған бірегей жоғары оқу орны. 80 жылдан астам тарихы бар қарашаңырақтан бүгінге дейін 70 мыңнан астам түлек қанат қақты. Олар елімізде және шетелде педагогикалық білім мен ғылымның дамуына зор үлес қосып келеді. Біздің басты мақсатымыз – «Білімді қыздар – білімді ұлт!» қағидасын негізге ала отырып, сапалы білім мен ұлттық тәрбиені ұштастырған, инновациялық ойлайтын, бәсекеге қабілетті, зияткер ұрпақ тәрбиелеу. Бүгінгі Түлектер күні – өткен мен бүгінді жалғайтын, университет рухын нығайтатын ерекше мереке. Барша түлектерімізге толағай табыс, отбасыларына амандық, ел игілігі жолындағы еңбектеріне жеміс тілеймін!» – деді ректор.

Салтанатты кеш барысында оқу орнының әр жылдардағы танымал түлектері сахна төріне шақырылып, оларға ерекше құрмет көрсетілді.

Жиында Физика-математика және цифрлық технологиялар институтының 1983 жылғы түлегі, №4 арнайы мектеп-интернатының мұғалімі, «Қазақстанның Еңбек Ері» мемлекеттік наградасының иегері Гүлжанар Нұрпейісова, Филология институтын 60 жыл бұрын тәмамдаған ардагер ұстаз, білім беру ісінің үздігі, көптеген оқулықтардың авторы Жания Мусина, сондай-ақ Жаратылыстану институтының 40 жыл бұрынғы түлегі, №59 мектеп-гимназиясының биология пәні мұғалімі, «Ерен еңбегі үшін» және «Ы. Алтынсарин» төсбелгілерінің иегері Бақыт Ибраимова құттықтау сөз сөйледі.

Сонымен қатар Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар және өнер институтының түлегі, Қарасай ауданындағы Кенен Әзірбаев атындағы мектептің директоры Күләйра Байғараева мен саналы ғұмырын мектепке дейінгі тәрбие саласына арнаған 50 жылдық мерейлі түлек, ардагер ұстаз Күләтай Әлмағамбетова естеліктерімен бөлісіп, университет ұжымына жылы лебіздерін білдірді.

Шара соңы университеттің өнерлі студенттерінен құралған би ансамблі мен хор ұжымының концерттік бағдарламасына ұласты.

Айта кетейік, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Түлектер қауымдастығы құрылып, Қазақстанның түкпір-түкпірінен белді-білікті түлектерінің бас қосуын ұйымдастыру жоспарлануда.




