Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде Басқарма Төрағасы – Ректор Кәрімова Бейбіткүл Сәрсемханқызы спорт, өнер және білім салаларындағы республикалық және халықаралық байқаулар мен жарыстарда жүлделі орын иеленген дарынды студенттерді құттықтады.

Атап айтқанда, Республикалық Студенттік Спорт Лигасының футзал жарысында университеттің қыздар құрама командасы бірінші орынды иеленген болатын. Жеңімпаздар құрамында Нұрайым Абибулла, Дана Қахарман, Меруерт Мұрат, Айым Асанқызы, Анна Анащенко, Алина Айтмұқаш, Гүлжан Рейм, Аружан Сағынбай және Дана Кежденбенк өнер көрсетіп, команданы жаттықтырушы, кафедра оқытушысы Ибрагим Бисариев дайындады.

                                      

Шығармашылық бағытта да студенттер жоғары нәтиже көрсетті. Польшаның Сопот қаласында өткен «Mundus cantat 2026» XXII Халықаралық хор фестивалінде 28 мемлекеттің ұжымдары арасынан Рахилям Балтиева мен Дәулет Жәнібектің жетекшілігімен университет жанындағы «Қыздар хоры» бірінші орынды жеңіп алып, «Алтын диплом» иегері атанды. Хор құрамында 1–4 курс аралығындағы 19 студент пен бір магистрант өнер көрсетті.

                                     

Сонымен қатар, Алматы қалалық Жастар саясаты басқармасының қолдауымен өткен «JAS GALA–2026» студенттік көктем шығармашылық байқауында университет студенттері бірнеше аталым бойынша үздік шықты. Оның ішінде, хореография бағытында «Primerose» би тобы мен мобилография бағытында Ғайни Өмірзак бірінші орынды, мобилографиядан Аружан Зейдінаби екінші орынды, ал театр бағыты бойынша бақ сынаған «Өнер жастан» командасы үшінші орынды қанжығасына байлады. Фестиваль қорытындысы бойынша жоғары деңгейде белсенділік танытқан Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетіне арнайы «Үздік ЖОО» номинациясы табысталды.

Университет ректоры студенттердің жетістіктерін жоғары бағалап, оқу орнының мәртебесін асқақтатқан дарынды жастардың алдағы байқаулар мен жарыстардағы қадамдарына сәттілік тілеп, жылы лебізін білдірді.