Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде филология ғылымдарының кандидаты Отарбекова Жәмила Керімбайқызының 60 жыл мерейтойына арналған «Ұстаздар жолымен» атты шәкірттер шеруі өтті.
Ауқымды шара аясында ғалымның бірнеше ұжымдық монографиясы, ғылыми еңбектері, библиографиялық көрсеткіші мен қазіргі қазақ тілінің морфологиясы мен сөзжасамына арналған оқу құралдарын қоса алғанда, жаңадан жарық көрген жеті кітабының тұсаукесер рәсімі ұйымдастырылды.
Салтанатты жиынға мерейтой иесінің отбасы, әріптестері, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің, Мемлекеттік тілді дамыту институтының және «Арман-ПВ» баспасының өкілдері қатысты.
Сонымен қатар шараға Қазақстанның әртүрлі өңірлерінен, сондай-ақ Түркия, Нидерланд және АҚШ-тан ғалымның шәкірттері мен ғылыми қауымдастық мүшелері арнайы келді.
Кеш барысында Жәмила Керімбайқызының өмір жолы мен ғылыми-педагогикалық қызметі туралы бейнебаян көрсетіліп, жиналғандар ұстаздың ғылым мен білім саласына қосқан үлесі және адами болмысы жайлы естеліктерімен бөлісіп, музыкалық арнауларын тарту етті.

