Алматы қаласында «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының кезекті жаңа маусымы салтанатты түрде ашылды. Биылғы ашылу салтанатында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің «Томирис» би ансамблі өнер көрсетіп, оқу орнының студенттері ауқымды шараға белсенді қолдау білдірді.

2005 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан бұл жоба дәстүрлі түрде жастарды еңбекке баулуға, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасының міндеттерін орындауға бағытталған. Биылғы маусымда республика бойынша 34 мыңнан астам адамды еңбекпен қамту жоспарланып отыр.

2 маусымда басталған еңбек маусымы ағымдағы жылдың 30 қыркүйегіне дейін жалғасады. Жасақ құрамына енген жастар қаланы көгалдандыру, санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізу, саябақтар мен скверлерді көркейту, сондай-ақ ауқымды экологиялық акцияларға қатысу сияқты қоғамдық пайдалы істермен айналысады. Жобаға 14 пен 35 жас аралығындағы жоғары оқу орындары мен колледж студенттері, сондай-ақ жұмыссыз жастар қатыса алады.

Осыған орай, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің студенттері экологиялық жобаға үлес қосып, жазғы кезеңде тиімді жұмыспен қамтылу үшін «Жасыл ел» жасағының қатарына қатыса алады.

Тіркелу үшін:  Гоголь көшесі, 114 мекенжайы бойынша орналасқан Жастар саясаты орталығына (116-кабинет) өтініш білдіру қажет.

Толық ақпарат алу үшін:  +7 707 994 42 51 (Зәуре Қайсарқызы) байланыс нөміріне хабарласуға болады.