Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің басқарма өкілдері қазақ телевизиясының қара шаңырағы – «Қазақстан» телерадиокорпорациясының Алматы қаласындағы жаңартылған медиаорталығымен танысты.
Іс-шара барысында университет өкілдері белгілі журналистермен, телевизия ардагерлерімен және зиялы қауым өкілдерімен бірге Ұлттық арнаның тарихына арналған музейді аралады. Музей қорында қазақ телевизиясының әр кезеңінде қолданылған техникалар мен құнды жәдігерлер қойылған.
Жалпы аумағы 8500 шаршы метрді құрайтын заманауи кешен соңғы үлгідегі технологиялармен жабдықталған. Оның құрамында ауданы 1050 шаршы метр болатын, түрлі тележобаларды түсіруге арналған ірі телестудия орналасқан.
Аталған бастама Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасы және Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылды. Нәтижесінде телеарнаның түсірілім алаңдары мен техникалық базасы толықтай жаңартылған.
Соңғы үлгідегі бейнекамералар, жарықтандыру жүйелері және жоғары сапалы техникалық жабдықтар болашақта ауқымды тележобаларды жүзеге асыруға кең мүмкіндік береді.
Кездесу барысында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ғылыми жұмыс және стратегиялық бастамалар жөніндегі проректоры – Басқарма мүшесі Құлсариева Ақтолқын Тұрлыханқызы сөз сөйлеп, еліміздің ақпарат кеңістігін дамытуға бағытталған жаңартылған медиаорталықтың жұмысына табыс тіледі.
Сонымен қатар, QyzPU білім мен ғылым саласын дамыту бағытында серіктестік байланыстарды одан әрі нығайтып, өзара тиімді ынтымақтастықты жалғастыра беретінін атап өтті.
