Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде Орталық Азия елдерінің дипломатиялық өкілдерімен ресми кездесу ұйымдастырылды.

Шараға Тәжікстанның Бас консулы Фируз Муродзода, Өзбекстанның Бас консулы Раушанбек Матчанов, Қырғызстан Республикасының Бас консулы Женишбек Асанқұлов және Түркіменстан Елшілігінің Консулдық бөлімінің консулы Нурымырат Розыджумаев қатысты.

Дипломаттарды QyzPU Басқарма Төрағасы – Ректоры Бейбіткүл Кәрімова мен университет бөлім басшылары қабылдады.

Кездесу барысында Орталық Азия мемлекеттерінің азаматтарына арналған білім беру гранттары мен қабылдау талаптары, шетелдік талапкерлерді тарту және студенттер мен жас ғалымдардың академиялық ұтқырлығын дамыту мәселелері талқыланды.

Басқосу барысында университет Басқарма Төрағасы – Ректор  Бейбіткүл Кәрімова: « Бүгінгі кездесу біздің елдер арасындағы білім беру және гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуға, сондай-ақ академиялық әріптестіктің жаңа бағыттарын дамытуға арналған маңызды алаң. Біз білім беруді елдер арасындағы өзара түсіністік пен тұрақты дамудың негізгі құралы ретінде қарастырамыз», – деп атап өтті.

Жиын соңында ректор дипломатиялық миссия өкілдеріне қолдаулары үшін алғыс айтып, бұл қадам аймақтағы өзара тиімді серіктестікке жаңа серпін беретініне сенім білдірді.

QyzPU Орталық Азияның жетекші жоғары оқу орындарымен академиялық ұтқырлық, бірлескен білім беру бағдарламалары мен ғылыми зерттеулер бағытында тығыз байланыс орнатып келеді.