8–12 маусым аралығында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде «Ғылыми жұмыс: әдістеме, зерттеулер және мақалалар» тақырыбында ауқымды дәрістер циклі ұйымдастырылды. Шараға Гонконг білім беру университетінің философия докторлары (PhD) Ван Жихонг пен Артем Задорожный арнайы қатысып, өз тәжірибелерімен бөлісті.

Ауқымды жиынға университеттің профессор-оқытушылар құрамы белсенді қатысты.

Халықаралық тренингтің мақсаты – оқытушылардың ғылыми-зерттеу құзыреттілігін арттыру, ғылыми жобаларды жоспарлау мен жүргізудің заманауи әдіснамалық тәсілдерін меңгерту, сондай-ақ халықаралық деңгейдегі беделді басылымдарда ғылыми мақалаларды дайындау мен жариялау бойынша тәжірибелік білім беру. Сонымен қатар бұл шара қос университет арасындағы халықаралық ғылыми ынтымақтастықты тереңдетуді көздейді.

Дәріс барысында шетелдік ғалымдар қазіргі заманауи ғылымның өзекті мәселелері мен зерттеу әдістеріне кеңінен тоқталды. Олар халықаралық деңгейде танымал, импакт-факторы жоғары журналдардың талаптарын түсіндіріп, мақала жазудың құрылымы мен тиімді тәсілдерін егжей-тегжейлі көрсетті. Сондай-ақ қатысушылармен бірге еркін пікірталас алаңдары ұйымдастырылып, онда оқытушылар өздерінің ғылыми идеяларын ортаға салды, туындаған сұрақтарына тұшымды жауаптар алды.

Тәжірибелік сабақтар мен шеберлік сыныптары барысында оқытушылар ғылыми жұмыстарды халықаралық стандарттарға сай рәсімдеудің қыр-сырын іс жүзінде меңгеріп, өздерінің кәсіби біліктіліктерін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік алды.