Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Кәрімова Бейбіткүл Сәрсемханқызы Алматы облысы, Райымбек ауданының Қақпақ ауылында өткен «Ғылым мен білім – кемел келешекке нық қадам» атты ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысты.
Жоғары оқу орындарының өкілдері, белгілі ғалымдар, педагогтер, мектеп және колледж директорлары, оқушылар мен мектеп бітіруші түлектер қатысқан ауқымды ғылыми іс-шара Райымбек ауданының 90 жылдығы аясында ұйымдастырылды.
Райымбек ауданының әкімі Құдабаев Дастан Сұлтанмұратұлы қонақтарды қарсы алып, өңірде жүзеге асырылып жатқан ғылыми жобалармен және робототехника көрмесімен таныстырды.
Жиынның ашылу рәсімінде Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Кәрімова Бейбіткүл Сәрсемханқызы сөз сөйлеп, конференцияның маңызына тоқталды.
«Бүгінгі конференция ғылым мен білім саласындағы өзекті мәселелерді талқылауға, тәжірибе алмасуға және «мектеп – университет – еңбек нарығы» арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған. Қазіргі уақытта мемлекет ұстаздардың қоғамдағы рөлін арттыру және педагог мәртебесін көтеру саясатын жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Негізгі басымдықтардың бірі – педагогикалық білім беру сапасын арттыру, жаңа кадрларды даярлауда сапалы әрі әділ іріктеу тетіктерін қалыптастыру.
Бүгінде білім беру бағдарламаларын заман талаптарына сай жаңарту, оларды халықаралық стандарттарға сәйкестендіру, академиялық ұтқырлықты дамыту және интернационалдандыру үдерісін күшейту – басты міндеттердің бірі», – деді ректор.
Шараға қатысушылар білім мен ғылымның жаңа бағыттары туралы өзекті баяндамалар жасап, өзара пікір алмасып, өңірлерге білікті маман дайындау мәселелерін талқылады.
Конференция барысында Алматы облысының білім басқармасы, Райымбек ауданы әкімдігі және жоғары оқу орындары арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою рәсімі өтті. Бұл құжат өңірдегі білім сапасын арттыруға және болашақ педагог кадрларды даярлау ісін жаңа деңгейге көтеруге бағытталған.
Ресми бөлімнен кейін конференция жұмысы түрлі тақырыптарды қамтыған секциялық отырыстарда, шеберлік сабақтарында, дөңгелек үстелдерде және TEDx форматындағы тәжірибе алмасу алаңдарында жалғасты.
