Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Тұлға қалыптастыру департаменті, Қыздар көшбасшылығы мен кәсіпкерлік орталығының ұйымдастыруымен «Есірткісіз Қазақстан» республикалық жобасы аясында «Есірткісіз өмір: саналы таңдау, жарқын болашақ» тақырыбында танымдық кездесу өтті.

Шараның мақсаты – студент жастардың құқықтық мәдениетін арттырып, салауатты өмір салтын насихаттау, сондай-ақ «Есірткісіз Қазақстан» республикалық жобасының мақсат-міндеттерін жүзеге асыру және жауапты азаматтық көзқарасты қалыптастыру.

 Барлық факультет студенттерін қамтыған шараға Алматы қаласы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі, полиция подполковнигі Көбеев Дәурен  Асқарұлы спикер ретінде қатысты.

Басқосуда полиция подполковнигі Дәурен Көбеев студенттерге есірткі заттарының адам ағзасына, психологиялық денсаулығына тигізетін зардаптарын түсіндіріп, құқықтық жауапкершілік пен сақтану шаралары жөнінде кеңінен ақпарат берді.

Шара соңында қатысушылар салауатты өмір салтын ұстану, зиянды әдеттерден аулақ болу және өз болашағына жауапкершілікпен қарау бойынша мамандардан пайдалы кеңестер алды.