Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің басшылық құрамы университеттің оқу ғимараттары мен студенттік жатақханаларының қазіргі жай-күйімен танысып, алдағы кезеңде жүзеге асырылатын жұмыстарды талқылады.
Аппарат басшысы Кожина Бота Саматқызы, Басқарма мүшесі – Инфрақұрылымдық даму жөніндегі проректор Тоқтыбаев Ернар Дүйсенбекұлы және университеттің құрылымдық бөлімшелері жетекшілері Бөгенбай батыр, Гоголь және Әйтеке би көшелерінде орналасқан оқу корпустары мен студенттік жатақханаларды аралады.
Жұмыс сапары барысында жауапты мамандармен бірге университет ректорының ерекше бақылауындағы өзекті мәселелер қарастырылып, оларды шешу жолдары талқыланды.
Нысандарды аралау кезінде ғимараттардың техникалық жай-күйіне, білім алушылар мен қызметкерлер үшін жасалған жағдайларға, сондай-ақ жүргізіліп жатқан жөндеу және жаңғырту жұмыстарының сапасына ерекше назар аударылды.
Университет басшылығы қажетті жөндеу және абаттандыру жұмыстарын сапалы әрі белгіленген мерзімде орындаудың маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар студенттер мен қызметкерлер үшін қолайлы, қауіпсіз және заманауи білім беру ортасын қалыптастыру мақсатында жаңа оқу жылы басталғанға дейін барлық жоспарланған құрылыс және жөндеу жұмыстарын жеделдетіп аяқтау жөнінде нақты тапсырмалар берілді.
Университет инфрақұрылымын жаңғыртуға бағытталған бұл жұмыстар білім беру сапасын арттыруға және қызметкерлердің тиімді еңбек етуіне қолайлы жағдай жасауға ықпал етеді.
