Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде ағымдағы жылдың 15–19 маусым аралығында профессор-оқытушылар құрамына арналған «Білім берудің белсенді әдістері (Lesson Study)» атты Жазғы мектеп өтуде.
Жазғы мектеп бағдарламасы аясында университет оқытушылары білім беру сапасын жаңа деңгейге көтеру мақсатында кәсіби дағдыларын жан-жақты жетілдіруде. Қатысушылар оқу процесінің өнімділігін арттыруға және студенттердің пәнге деген қызығушылығын оятуға бағытталған заманауи интерактивті оқыту форматтары мен цифрлық құралдарды тәжірибеде меңгеру үстінде.
Бұдан бөлек, шара оқытушылар қауымы үшін өзара озық педагогикалық тәжірибе алмасатын, оқыту әдістемесіндегі өзекті мәселелерді бірлесе талқылайтын тиімді кәсіби алаңға айналды.
Сонымен қатар, Жазғы мектеп шеңберінде педагогтік қайта даярлау курсының тыңдаушылары қорытынды аттестаттаудан өтіп жатыр.
Педагогтердің кәсіби шеберлігі мен білім сапасын арттыруға бағытталған, сабақты бірлесе жоспарлау мен талдауды көздейтін бұл жапондық зерттеу технологиясын – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті елімізде алғашқылардың бірі болып дипломдық жұмыстарды жазу тәжірибесіне енгізген болатын.
