Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Біліктілікті арттыру және формалды емес білім беру орталығы Шымкент қаласындағы Орталық Азия Инновациялық Университетінде профессор-оқытушылар құрамына арналған ауқымды біліктілікті арттыру курсын өткізді.

 «Білім берудегі жасанды интеллект: практикалық қолданылулары мен негіздері» тақырыбындағы 72 сағаттық бағдарлама оқытушылардың цифрлық құзыреттілігін арттыруға және оқу үдерісі мен ғылыми-зерттеу қызметіне заманауи технологияларды енгізуге бағытталған.

Аталған білім беру жобасын QyzPU-дың Физика, математика және цифрлық технологиялар институтының білікті мамандары – Информатика кафедрасының аға оқытушысы Парасат Қадырқұлқызы Тазабекова мен Ақпараттық технологиялар және кітапхана ісі кафедрасының аға оқытушысы Айнұр Маратқызы Базарбаева жүргізді.

Курс аясында жалпы саны 404 профессор-оқытушы білімін жетілдіріп, жасанды интеллект құралдарын кәсіби қызметте тиімді пайдаланудың практикалық дағдыларын меңгерді.

Қазіргі уақытта оқу бағдарламасының алғашқы бөлігі офлайн форматында сәтті аяқталып, оның келесі кезеңін бекітілген жоспарға сай онлайн форматта жалғастыру көзделіп отыр.

Айта кетейік, университет базасында мұғалімдердің кәсіби шеберлігін арттыруға бағытталған педагогикалық практика, инклюзивті білім беру, жас ерекшеліктері физиологиясы мен мектеп гигиенасы, қазақ және орыс тілдеріндегі психология, сондай-ақ «Заманауи кітапхана: трансформация, инновациялар және бейімделу» бағыттары бойынша арнайы курстар кешені қолжетімді. Бұл бағдарламалар педагогтерге оқытудың озық әдістемелерін меңгеріп, теориялық білімді мектеп қабырғасында тиімді қолдануға, әрбір оқушымен жұмыс істеуде кәсіби құзыреттілікті арттыруға және мансаптық тұрғыдан өсуге зор мүмкіндік береді.