Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясында өткен «Қазақ-қырғыз ғылыми ынтымақтастығы: ортақтықтар мен ерекшеліктер» атты халықаралық ғылыми-интеграциялық форумға Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің өкілдері қатысты.

Халықаралық форумның ашылуында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Қажығұлұлы Күрішбаев сөз сөйлеп, бауырлас елдер арасындағы ғылыми интеграцияны тереңдетудің маңыздылығына тоқталды. Ол өз сөзінде қазіргі жаһандық сын-қатерлер жағдайында бірлескен зерттеулерді дамыту, екі мемлекеттің ғылыми әлеуетін біріктіру және жоғары білім беру саласындағы серіктестікті нығайту басты басымдықтардың бірі екенін атап өтті.

Жиынға Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Алматы қаласындағы өкілдігінің басшысы Жәнібек Жарасқанұлы Әбдрашов, Қырғыз Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Женишбек Асанкулович Асанкулов және Қырғыз Республикасы Ұлттық ғылым академиясының президенті Бекмамат Мурзакматович Дженбаев арнайы қатысып, екі ел арасындағы саяси-дипломатиялық, ғылыми және мәдени байланыстардың маңызын ерекше атап өтті.

Ауқымды ғылыми басқосуда университет өкілдері сарапшы ретінде маңызды баяндамалар жасады. Атап айтқанда, ҚР Ұлттық ғылым академиясы жанындағы «Халықаралық қатынастар» зерттеу орталығының директоры, PhD, QyzPU Басқарма төрағасы – ректордың кеңесшісі Думан Жекенов «Қазақ-қырғыз дипломатиялық қарым-қатынастарының кезеңдері» тақырыбында баяндама жасаса, Халықаралық ынтымақтастық бөлімінің басшысы, PhD Салтанат Джакубаева «Қазақстан мен Қырғызстанның транзиттік стратегиялары: бәсекелестік пен ынтымақтастықтың жаңа өлшемдері» тақырыбында өзекті мәселелерді көтерді.

Форум жұмысына Қазақстан мен Қырғызстанның жетекші ғалымдары мен сарапшылары, жоғары оқу орындарының өкілдері және дипломатиялық корпус мүшелері қатысып, ғылым, білім беру, халықаралық қатынастар, тарих, экономика және мемлекеттік басқару салаларындағы ортақ мәселелерді талқылап, тәжірибе алмасты.

Симпозиум барысында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясы мен Қырғыз Республикасы Ұлттық ғылым академиясы арасында Дала өркениетін зерттеу жөніндегі халықаралық консорциум құру туралы келісімге қол қойылды.

Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар және халықаралық қатынастар салалары бойынша өткен ғылыми-интеграциялық форум «Central Asian Dream» жобасы аясында ұйымдастырылды.
