Педагогика және психология институты Дене шынықтыру және спорт кафедрасының ұйымдастыруымен университеттің спорт кешенінде профессор-оқытушылар құрамы, қызметкерлер және Кәсіби білім беру колледжі арасында волейболдан «Ректор кубогы» үшін дәстүрлі жарыс өтті.

Шараның ресми ашылу салтанатында Басқарма Төрағасы – Ректордың кеңесшісі Думан Жекенов және Дене шынықтыру және спорт кафедрасының профессоры, ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Ерғали Мухитдинов сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Спорттық додаға екі топқа бөлінген жалпы саны жеті команда қатысып, бас жүлде үшін бақ сынасты.

Тартысты ойындардың қорытындысы бойынша «Ректор кубогын» Физика, математика және цифрлық технологиялар институтының командасы жеңіп алды.

Екінші орынды Педагогика және психология институты иеленсе, Университет әкімшілігінің құрамасы үшінші орын алды.

Жарыс соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлерге тиісті дәрежедегі марапаттар салтанатты түрде табысталды.


