Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Кәсіби білім беру колледжінде түлектерге диплом табыстау салтанаты өтті.

                                     

Мерекелік шара университеттің Басқарма Төрағасы – Ректор Бейбіткүл Кәрімова мен колледж директоры Ақбөпе Қарабаеваның қатысуымен өткен жас түлектердің дәстүрлі шеруімен басталды.

                                      

Биыл колледжді 114 түлек тәмамдап, оларға мамандық дипломдары салтанатты түрде табысталды.

                                      

Түлектерді құттықтаған университет ректоры Бейбіткүл Кәрімова ұстаздық мамандықтың қоғамдағы ерекше орны мен жауапкершілігіне тоқталды. «Ұстаздық – адамзат тарихындағы ең мәртебелі әрі ең жауапты мамандық. Нағыз педагогқа кәсіби шеберлікпен қатар кең жүрек, биік парасат, шығармашылық ізденіс, сабыр мен адалдық қажет. Сіздердің бойларыңыздан осы қасиеттерді көргіміз келеді. Әрбір шәкірттің тағдырына үлкен жауапкершілікпен қарап, ұстаздық мәртебесін әрдайым биік ұстаңыздар», – деді ректор.

                                       

Іс-шараға арнайы қатысқан Алматы қаласы Алмалы ауданы Білім бөлімінің басшысы Бақытбек Қалжанов та жас мамандарды құттықтап, оларға сәттілік тіледі.

                                       

«Мұғалімдік – ең асыл мамандық. Сіздер болашақ ұрпақтың іргетасын қалайтын азаматсыздар. Еңбектеріңіз бен білімдеріңіз еліміздің жарқын болашағының кепілі боларына сенемін», – деді ол.

                                       

 Мерекелік шара барысында оқу орнының дамуына және қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысқан студенттер мен олардың ата-аналарына Алғыс хаттар табысталды.

                                      

Салтанатты кеш университет басшылығы, профессор-оқытушылар құрамы, ата-аналар және қонақтардың қатысуымен өтіп, студенттер дайындаған концерттік бағдарламаға ұласты.