Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде Қытай Халық Республикасының Бейжің шетел тілдері университетінен келген делегациямен ресми кездесу өтті.

Басқарма Төрағасы – Ректор Бейбіткүл Кәрімова және оқу орнының департамент басшылары Қытай Білім беру қоғамының вице-президенті Динхуа Ван, Білім беру жоғары мектебінің деканы Даюн Юань және қауымдастырылған профессор Сяодун Ванмен маңызды келіссөздер жүргізді.

Кездесудің негізгі нәтижесі ретінде Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті студенттерін Қытайдың Бейжің шетел тілдері университетіне жазғы семестрге оқуға жіберу туралы келісімге қол жеткізілді.

Сонымен қатар тараптар қос диплом бағдарламасын іске асырудың алғышарттары мен мүмкіндіктерін егжей-тегжейлі талқылады. Бұл бағдарлама екі елдің білім беру стандарттарын интеграциялауға және студенттердің халықаралық деңгейдегі маман болып шығуына жол ашпақ.

Жүздесуде қаралған тағы бір стратегиялық бағыт – Қытай мен Орта Азия елдерінің педагогикалық университеттері арасында бірлескен ауқымды конференция өткізу мәселесі. Бұл шара аймақтағы педагогикалық білім сапасын арттыру мен халықаралық ғылыми тәжірибе алмасудың жаңа алаңына айналады деп күтілуде.

Ресми кездесу қорытындысы бойынша QyzPU мен Бейжің қаласындағы Бейжің шетел тілдері университеті жоғары білім мен ғылым саласындағы осы маңызды бірлескен жобаларды жүзеге асыру үшін жұмысты бірлесе жалғастыруға уағдаласты.




